Ахмет Байтұрсынов (1873-1937)

 

Аса көрнекті ағартушы-ақын, ірі филолог-ғалым, қазақтың ұлттық тіл білімі мен әдебиет зерттеу ғылымдарының негізін қалаушы, талантты тәржімашы, танымал қоғамдық және саяси қайраткер - заманында атақ-даңқы халық арасында аңызға айналып кеткен асқан дарын, жан-жақты білім иесі А.Байтұрсынов қазақ халқының Абайдан кейінгі тарихындағы аса жарқын бейнелердің бірі. Ол 1973 жылы 28 қаңтарда Торғай уезінің Тосын болысында туған. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысшыл, батыл адам болса керек, өйткені 80-жылдары уезд бастығы Яковлевті сабап кек алады. 15 жылға Сібірге жер аударылады. Әділетсіздік құрбаны болған ағалы-інілі Байтұрсын мен Ақтастың балалары енді Шошақтың кенжесі Ерғазы тәрбиесінде өседі, оның көмегімен 1891 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқиды. Кейін Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы бітіреді. Ыбырай үлгісіндегі мектептерде оқып, жүйелі білім, тәрбие алған Ахмет 1896-1907 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі ауылдық және болыстық мектептерде, екі кластық училищеде мұғалім болады. Сөйтіп, сол кездегі қазақ қоғамына ең бір қажет кең шеңберде дамуға бет алған ағартушылық, демократтық қозғалысқа белсене араласады. Ол орыс-қазақ мектептерінде, семинарияларда педагог бола жүріп, қоғамдық, әлеуметтік өмірге үңіледі, айналаға білім-ғылым таратудың тиімді жолдарын қарастырады, қазақ тілі мен әдебиетінің тарихымен, теориясымен шұғылданады, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, халықтың көркем сөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісіне араласты, баспасөзге мақалалар жазды, өлең шығарды, аударма жасады. Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде бақылауға алынып, 1909 жылы шілдеде Сібір түрмесіне қамалады. Дәл осы жылы Петербургті өзінің алғашқы "Қырық мысал" жинағын шығарады (Крыловтан аударып). Оған жер аударуға үкім шығарылып, 1910-1917 жылдары Орынборда тұрады. 1911 жылы "Маса" атты жинағын, 1913 жылы "Қазақ" атты апталық газетті ұйымдастырып, ол 1917 жылға дейін оның редакторы болды (3000-8000 тираж). 1920 жылы Қазақ автономиялы социалистік республикасы құрылғанда, ол халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Содан кейінгі жылдары (1922) ол түгелдей ғылыми-педагогикалық жұмысқа ауысады. Қазақтың ұлттық әліппесін жасауға белсене атсалысады. Қазақ университетінде ана тілінің тұңғыш профессоры болып дәріс жүргізіледі. 1929 жылы маусым айында ол заңсыз тұтқынға алынып, қиырдағы Архангел облысына айдалады, ал әйелі мен қызы Томскіге жер аударылады.

М.Горкий, оның бәйбішесі Е.Пешкованың, Қызыл крест ұйымының араласуымен Сібірдегі семьясымен қосылып, одан 1934 жылы Алматыға оралады. Бірақ сталиндік террордың қанды шеңгелі одан әрі де тыныш қалдырмай, 1937 жылдың күзінде тағы да тұтқындалып, екі ай азапты тергеуден кейін, сол жылдың желтоқсанында атылады.

А.Байтұрсыновтың ақындық мұрасы ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының тарихында елеулі орын алады. Ақын өлеңдері аса көп болмағанымен қазақ өлеңінің өз табиғатынан туған байырғылымен және бейнелі, мағыналы сөз үлгісімен ерекшеленеді. Алғаш рет 1911 жылы Орынборда жеке жинақ болып басылған ақынның төл өлеңдері 800 жолдай ғана. Бірақ осы шағын мұраның өзін қазақ өлеңінің тарихындағы өзіндік бір белес деп әбден бағалауға болады.

Ахмет Байтұрсыновтың ақындық қабілеті автордың өмірлік мұрат-мақсаттарын жүзеге асырудың және ағартушылық, азатшылдық, күрескерлік борышын атқарудың өзі машық еткен оңтайлы, өтімді құралы ретінде ашылды. Оның әрбір өлеңінде заман ағымы, ел тағдырын, туған халқының болашағын ойлаған қамкөңіл күрескердің бейнесі көз алдыңа келеді.Өмір майданына ағартушылық туын көтере келген ол өзінің ұлы мұраттарын жүзеге асыру үшін ең алдымен өз бойындағы ақындық дарынын қару етіп пайдаланды.Алғашқы өлең жинағын қалың ұйқыда жатқан халқын ояту үшін маса етіп ұшырады.

                          Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

                          Қаққа жеп қанаттары бұзылғанша, - дегенде ақын өзінің Масасын осындай тәуекел жолына ұшырғанын әдейі аңғартып өтеді. Бірақ ізгілік жолында құрбандық болмай тұрмайтынын білгендіктен ол тәуекел артында табжылмас табандылық барын да жасырмайды:

                           Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

                           Қоймастан құлағына ызыңдаса.

Байтұрсынов поэзиясындағы маса бейнесінің аса үлкен символдық мәні бар. Осылайша әлсіз масаның ызыңымен болса да оятуға әрекет еткен ол - әрқашан төзімділікті, мол қайратты талап еткен ағартушылық жолды саналы түрде таңдайды. Осы жинақта бас-аяғы алты жолдан тұратын "Тарту" атты өлеңі ерекше назар аударғандай. Кейінірек көп оқулықтарға эпиграф болған осы өлеңнің әрбір сөзін тұнып тұрған лұғат, оқу-білімге шақырған ұран деуге болады. Мысалы:

                             Даналық - өшпес жарық, кетпес байлық,

                             Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!

Осы тәрізді "Оқуға шақыру" атты ғибратнаманың: "Балалар оқуға бар, жатпа қарап" деп басталатын бірінші тармағы ағартушы-ұстаздың асыл ойы, ұлағатты үндеуі. Ал, өлеңнің соңғы шумағындағы: "Аллалап" ал кітапты қолдарыңа! – дейтін мәслихаттың атақты Ы.Алтынсариннен қалған:

                               Бір құдайға сыйынып,

                               Кел, балалар, оқылық, - дейтін өсиетімен табиғи үндесіп жатқанын бірден аңғаруға болады.

Ақынның алғашқыда ақыл етіп айтқан сөзі дарымаса, келесі сөзін нықтаңқырап жеткізеді. Мысалы, оқығанның бәрі ізгілік кәдесінен аса бермейтіні "Қазақ салты" атты өлеңінде:

                     Не пайда өнерің мен біліміңнен,

                     Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған, - деген өкініш түрінде білдіреді де, оның себебі:

                        Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,

                        Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.

                        Байға - мал, оқығанға - шен мақсұт боп,

                        Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан, - деп түсіндіріледі. Өзінің туған халқын азды деп айыптау үшін, мұндай ауыр  сөз айту үшін алдымен оны құлай сүю керек, соның бақыты мен бостандығы жолында құрбан бола білу керек. Бұл қасиеттер ақын бойында жетерлік еді. Тақырып шеңбері ағартушылықтан гөрі кеңірек мәселелерді қамтитын "Жиған-терген", "Жұртыма", "Жұбату" сияқты өлеңдерде, өнер-білімге шақырған өтініштен гөрі ашынған ыза, наразы нала, булыққан ашу басым болып келеді. Бұл тұста ағартушы ақын мен азамат ақынның қасиеті жымдасып, қайраткер, күрескер тұлғасына айналады.

А.Байтұрсыновтың ақындық машығында көп қайталанып есте қалатын бір топ шығармалары - оның арнау өлеңдері. Соларға жататын "Жұртыма", "Досыма хат", "Анама хат", "Н.Қ. ханымға", "Ақын ініме" т.б. өлеңдері.

Бұл өлеңдерінің бәріне тән ортақ белгі - алған бетінен қайтпайтын қайсар күрескер, адамгершілік туын жоғары ұстаған азамат халық мүддесінің жоқшысы болудан тоймайтын жауынгер бейнесінде болу.

Ақынның патшалық отаршылдыққа қарсы өшпенділігі, туған халқының ұлттық азаматтығы мен дербестігі жолындағы арман-тілегі - оның бүкіл өмір жолында қалыптасқан, орныққан саяси көзқарасы, терең идеялық ожданы.

                              Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

                               Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, - деп апасына жазғандай, бұл өшпенділік, ождан жасөспірім шағында қалыптасқан, жүрегіне шер болып қатқан. Бірақ ол бірдің қайғысы емес, жалпы халық басындағы нәубет, зұлмат.

Нәзипа Құлжановаға арнаған өлеңінде де осы сарын, осы леп ылғи ұштасып отырады. Аяулы қарындасына жолдаған хатындағы негізгі ой-өрімін ақын былай түйідейді:

                                      Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

                                      Тәннен басқа немді алар өлім менен.

                                      Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

                                      Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

                                      Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,

                                      Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Ақынның "Тілек батам", "Жауға түскен жан сөзі", "Қа... қаласына" атты өлеңдерінде ашу ызаға толы әшкере сөздері ел ішіндегі азғындарға, пасық тоғышарларға қарсы бағытталған.

                                      Я құдайым! Аққа жақ,

                                      Өзіңе аян мен нақақ, - деп басталатын "Тілек батамның" ең алғашқы қарғыс сөзі өзін ұстатып, айдатқан, араңдатқан алаяқтарға арналады. Ақынның осы бағыттағы өлеңдерінің ішінде аса бір ашынып қайнаған ашумен жазылғаны - "Көк есектерге". Бұл шығармада өкпе-наз, реніштен гөрі ашық әшкере, ащы әжуа зілді ыза-кек кернеуі күштірек.               

"Не жазып ем, құдай-ау бұл қазаққа" деп басталатын өлеңде ашық саяси сарындар алдыңғы орынға қойылады. Азаттыққа жетсін, халқымның намысын жыртып, жол көрсеттім, жол сілтедім. қатарынан қалмасын дедім, осыдан басқа не бітіргенім бар еді дейді. Мейлінше таусылып, тауы шағыла айтылған бұл сөздердің әділ төрелігін ақын болашақ ұрпақтардан күтеді:

                                      Асықпаңдар, артымызда қазы бар,

                                      Тергеп талай сүйектердің қазылар.

                                      Пайғамбарды сатып отыз тіллә алған,

                                      Яһудамен бірге аттарың жазылар.

           Осы сенімді көңілге медеу ете отырып, жанын күйдірген өкінішті де жасырмайды:

                                      Қинамайды абақтыға жапқаны,

                                      Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

                                      Маған ауыр осылардың бәрінен,

                                      Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.

Ақын мұрасында бағдармалық мәні бар "Жиған-терген" және "Жұбату" өлеңдерінің орны бөлек. Публицистикалық пафосқа толы, саяси бағыты айқын, көркемдік ықпал күші аса зор бұл өлеңдері - Ахмет поэзиясының биік шыңы деуге болады. Әрбір сөз, әрбір тармағында үлкен ой, бұлтартпас тарихи шындық жатқан бұл толғауларда ақынның бүкіл өмірлік прициптері, әлеуметтік-эстетикалық мұраттары барынша айқын бейнеленген.

Ұлы Абай дәстүрінде әрбір сөзін салмақтап, өлшеп-пішіп, көркемдік иін әбден қандырып жазылған "Жиған-тергенде" қазақ халқының қасіреті толы бүкіл тарихи, аянышты халі көз алдыңа елестейді, халық басындағы қасіретті бүкіл жан күйзелісімен күңірене қабылдаған ақын:

                                     Қазағым елім,

                                     Қайқайып белің,

                                     Сынуға тұр таянып.

                                     Талауда малың,

                                     Қамауда жаның,

                                     Аш көзіңді оянып.

                                     Қанған жоқ па әлі ұйқың,

                                     Ұйықтайтын бар не сыйқың?! - деп ашына жар салады. Бұл өлеңді автордың субъективтік жеке пікірін білдіретін жалаң декларация емес, сол кездегі қазақ қоғамының нақты жағдайын көріп, ышқынған ақын жанының бебеу қаққан зары деп қабылдау керек. Ақын жүрегі алдағы үлкен қасіретті күні  барын сезгендей:

                                      Ұйқышыл жұртты,

                                      Түксиген мұртты,

                                      Обыр обып, сорып тұр.

                                      Түн етіп күнін,

                                      Көрсетпей мінін,

                                      Оятқызбай қорып тұр.

                                      Обыр болса қамқорың,

                                      Қайнағаны сол сорың.

"Жиған-тергеннің" логикалық жалғасы сияқты болып онымен табиғи идеялық- көркемдік тұтастықты жазылған "Жұбату" атты толғау өлеңінде де, соған шығар жолдың қалмағанына қамығады,

А.Байтұрсынов поэзиясы - ұлы Абай мұрасының тікелей жалғасы. Ол кемеңгер ақынмен сөз саптау мәнерінеде де, өлең құрылысына да, халықтың қамын ойлауда да үндесіп жатады.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов өзінің ақындық мұрасы арқылы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіне халық мүддесінің жоқшысы бола алатын саяси күрескер бейнесін әкелді. Өзінің барлық әрекетін туған елінің мұң-мұқтажымен ажырамастай тұтастықта түсінген ақын, шабытты жырларында дәл сондай жанкешті күрескердің, беделді тұлғасын жасады.